26
февраль
2021
"Алғыс айту-парызым!"
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Алғыс айту күнімен құттықтауы
Құрметті отандастар!Сіздерді Алғыс айту күнімен шын жүректен құттықтаймын!
Елбасы 2015 жылы Қазақстан халқы Ассамблеясының сессиясында жариялаған осы айтулы мерекенің мәні терең, маңызы ерекше.
Бұл күні халқымыздың бір-біріне өзара қамқорлығы, мызғымас береке-бірлігі мен ынтымағы кеңінен дәріптеледі.
Біз осы құндылықтардың арқасында мемлекеттігімізді жаңғыртып, түрлі сын-қатерден сүрінбей өттік. Қазір Тәуелсіздігіміздің 30 жылдық белесін әлеуметтік-экономикалық саладағы және халықаралық деңгейдегі толағай табыстармен қарсы алғалы отырмыз.
Бүгінде азаматтарымыз егемен елімізді дамытуға, қастерлі қазақ жеріндегі бейбітшілікті, татулық пен келісімді нығайтуға өлшеусіз үлес қосуда.
Мен баршаңызға Отанымыздың өркендеуі жолында сіңірген жасампаз еңбектеріңіз үшін алғыс айтамын.
Біз біртұтас және еңбекқор ұлт болсақ, көздеген мақсаттарымызға жетеміз. Бәріміз бірге әділетті қоғам құрып, мемлекеттілігімізді орнықтыра түсеміз деп сенемін.
Баршаңызға зор денсаулық, бақ-береке және мол игілік тілеймін!
Қазақстан халқы 2016 жылы тұңғыш рет Алғыс айту күнін атап өтті. 2016 жылғы 14 қаңтарда Қазақстан республикасының Президенті болған Н.Ә.Назарбаев Қазақстан халқы Ассамблеясының құрылған күні 1 наурызды елімізде Алғыс айту күні деп жариялап, № 173 Жарлыққа қол қойған болатын.
Талайлы тағдырлардың басын өз шаңырағының астына біріктіріп, қанатымен су сепкен қарлығаштай, қамқорлығына алған Қазақстанда адамның адамға құрмет көрсететін күні белгіленбек. Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев барлық ұлттың бір - біріне және қазақтарға алғыс айту күнін бекітуді ұсынды.
"Қазақстан халқы Ассамблеясының құрылған күнінде - 1 наурызда, басқа уақытты қойса да болады - барлық ұлттың бір - біріне және осы адамдарды қабылдаған, аяушылық білдірген қазақтарға алғыс айту күні деп белгіленсе әділетті болар еді", - деп нақтылады.
Мектебімізде бұл шара жоғарғы деңгейде аталып өтті. Өскелең ұрпақтың бойына бұл мерекенің мағынасын ұғандыру,мерекені дәріптеу мақсатында баролық сыныптарды тәрбие сағаттары өткізілді.